Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Қазақмыс австралиялық мамандармен бірлесіп сейсмикалық мониторинг жүйесін жаңғыртуды жоспарлауда

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Жезқазған өңіріндегі кеніштерде қолданыстағы сейсмикалық мониторинг жүйесін жаңғырту мүмкіндігін қарастыруда. Қараша айының басында Австралияның кеніштік сейсмология институтының (Institute of Mine Seismology, IMS) мамандары жабдықтарға техникалық аудит жүргізіп, жер асты жұмысының қауіпсіздігін арттыру мақсатында оларды жаңартудың басым бағыттарын айқындады.

IMS сарапшылары Дмитрий Маловичко мен Андрис ван Зайл Жезқазған кен орны мен «Жомарт» кенішіне барып, сейсмикалық станциялардың жай-күйін, деректерді тіркеу мен өңдеудің қолданыстағы әдістерін бағалады. Сонымен қатар тараптар «Жыланды» кенішінің болашағы бар учаскелерінде мониторинг жүйесін ұйымдастыру мүмкіндігін талқылады.

Жезқазған өндірістік алаңында сейсмикалық мониторинг жүргізу жұмысы 1997 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. 2006-2008 жылдары Жезқазған кен орны мен «Жомарт» кенішіндегі жүйелер австралиялық IMS компаниясының технологияларын пайдалана отырып жаңғыртылды. Бүгінде Жезқазған кен орнының қолданыстағы сейсмикалық желісі диаметрі шамамен тоғыз шақырым аумақты қамтып, бірнеше кенішті біріктіреді. Австралиялық мамандар инфрақұрылымның ауқымын, сондай-ақ «Қазақмыс» компаниясының сейсмикалық станцияларда жұмыс істейтін инженерлері мен операторларының кәсіби даярлық деңгейін жоғары бағалады.

Техникалық аудит қорытындысы бойынша тараптар жүйелерді одан әрі жаңғыртудың негізгі бағыттарын айқындады. Атап айтқанда, геофондар мен акселерометрлерді біріктіретін жаңа сейсмикалық датчиктерді енгізу мәселесі қарастырылуда. Мұндай жабдық әлсіз тербелістерден бастап тау жыныстарының елеулі ығысуларына дейінгі әртүрлі сейсмикалық құбылыстарды тіркеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар заманауи жерасты тіркеу құрылғылары мен IMS Trace бағдарламалық жабдықтамасын қолдану мүмкіндігі зерделенуде. Бұл технологиялар сигналдарды цифрлық өңдеуге, өндірістік кедергілердің әсерін азайтуға және тау жынысындағы сейсмикалық жағдайды үш өлшемді форматта талдауға арналған.

Сейсмикалық мониторингтің негізгі практикалық міндеті – тау жынысындағы ықтимал қауіпті өзгерістерді дер кезінде анықтап, мамандарды жедел шешім қабылдауға қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету.

Геомеханика бөлімінің жетекші инженері Жандос Ибраевтың айтуынша, сейсмикалық оқиға тіркелген кезде оператор оның болжамды координаттарын орта есеппен екі-үш минут ішінде анықтап, ақпаратты кеніштің бас геомеханигіне жеткізеді. Алынған дерек негізінде қажет болған жағдайда өндірістік жұмысқа түзету енгізу, техника қозғалысын уақытша шектеу немесе ықтимал қауіпті учаскелердегі жұмысты тоқтату туралы шешім қабылданады.

Жоспарланып отырған жаңғырту сейсмикалық оқиғалардың координаттарын анықтау дәлдігін арттыруға, деректерді талдау сапасын жақсартуға және геомеханикалық тәуекелдерді бағалау тиімділігін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар алдағы ынтымақтастықтың бағыттарын белгіледі. Оның ішінде қолданыстағы жүйелерді жетілдіру және «Жыланды» кенішінің учаскелерінде сейсмикалық мониторинг ұйымдастыру мәселелерін пысықтау көзделген.

Сейсмикалық мониторинг жүйесін дамыту – Қазақмыстың өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру және жер асты өндірісі жұмыскерлерінің өмірі мен денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі.