Бұл сайт — «Қазақмыс» Тобының жалғыз ресми ресурсы. Басқа сайттарда жарияланған ақпарат үшін компания жауапты емес.

Кәсіп біріктірген қала: Балқаш Металлургтер күнін қалай атап өтті

17 шілде күні Балқашта қала тарихымен, бүгінімен және болашағымен тығыз байланысты мамандық иелері — металлургтерге құрмет көрсетілді. Көл жағалауында өткен үлкен мерекелік кештің қалай өрбігені туралы репортажымызда баяндаймыз.

Бұл күні Балқаш көлінің жағалауы ашық аспан астындағы ауқымды концерт алаңына айналды. Мұнда мыңдаған адамды біріктірген Metallurg Fest фестивалі өтіп, қала тұрғындары мен қонақтары Металлургтер күнін бірге атап өтіп, еңбегі Балқаштың тарихы мен дамуымен біте қайнасқан жандарға ризашылықтарын білдірді.

Мерекелік алаңда қонақтар металлургтердің еңбегі мен компания тарихына арналған үлкен ұжымдық арт-панноны жасауға қатысты. Балалар мен ересектер өндірістік нысандар, тау-кен техникасы, металлургиялық үдерістер және «Қазақмыс» компаниясының рәміздері бейнеленген көлемді иллюстрацияны бірге бояды.

Кішкентай қонақтарға арнайы ойын-сауық бағдарламасы дайындалды. Оларды сүйікті мультфильмдер мен ертегілердің кейіпкерлері қарсы алды. Аниматорлармен бірге балалар ойындарға, би мен көңілді байқауларға қатысып, алаңды шат күлкі мен қуанышқа бөледі.

Қала тұрғындары мен қонақтары мерекелік кешті отбасыларымен бірге өткізу үшін сахна маңына жиналды. Көпшілік құм үстіне жайғасып, жанды музыка мен түнгі жағалаудағы жарқыраған шамдардың аясында жылы әрі шынайы отбасылық атмосферада концертті тамашалады.

Кештің мерекелік бағдарламасын Timur Teams ұжымының өнер көрсетуі ашты. Заманауи қазақ стилінде қойылған би ұлттық нақыштарды жаңа хореографиямен шебер ұштастырып, музыкалық бағдарламаның қарқынды ырғағын қалыптастырды.

Одан кейін сахнаға IL’HAN шығып, кештің жоғары қарқынын жалғастырды. Әртістің жігерлі өнері әр жастағы көрермендерді сахна маңына жинады.

Көрермендер Балқаш мыс балқыту зауытының қызметкерлері Ерсұлтан Сәкенов пен Әділжан Бисенбаевты — ERS & Adilzhanym дуэтін ерекше ықыласпен қарсы алды. Күндіз олар балқыту пештерінің жанында еңбек етіп, өндірістің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етсе, кешке сахнада өздерінің шығармашылық қырларын танытты. Металлургтердің өмірі мен еңбегіне арналған әндері көрермендердің жүрегінен орын алды.

Концерт барысында тақырыптық интерактивтер ұйымдастырылып, көрермендермен еркін әрі жанды байланыс орнады. Жүргізушілер Марат Оралғазин мен Еркебұлан Мырзабек қоршаған ортаға ұқыпты қарау, тазалықты сақтау және қаладағы жайлы өмірге әсер ететін ортақ тәртіп ережелерін ұстану туралы айтты.

Бағдарламаның жарқын көріністерінің бірі CrossFire тобының орындауындағы «Салтанат» жарық шоуы болды. Ұлттық бейнелер, заманауи хореография және жарық реквизиттері үйлесім тауып, қазақ дәстүрлерін ерекше әрі жаңаша сипатта таныстырды.

Қазақстанның халық әртісі, еңбек сіңірген қайраткер Болат Құсайыновтың өнер көрсетуі кешке ерекше рухани жылулық сыйлады. Бірнеше буын қазақстандықтар тыңдап өскен оның әндерін аға буын көрермендер зор ықыласпен қабылдап, алғашқы әуеннен-ақ сүйікті туындыларын қосыла шырқады.

Жанар Дұғалованың сахнаға шығуын көрермендер зор қошеметпен қарсы алды. Әнші жігерлі өнерімен, қуатты дауысымен және биік ноталарды мінсіз орындауымен көпшілікті бірден баурап алды.

Кешке ностальгиялық әсер сыйлаған аңызға айналған өзбекстандық «Ялла» тобы болды. Алғашқы әуендерден-ақ көрермендерді сағыныш сезімі биледі: көпшілік сүйікті әндеріне қосылып, жымиып, өміріндегі қымбат сәттерін еске алды. Шығыс нақышына толы өнер әртүрлі буын өкілдерін біріктіріп, қонақтарға жылы эмоциялар сыйлады.

Кештің басты музыкалық оқиғасы «Ирина Кайратовна» тобының сахнаға шығуы болды. Сахнадан жаңа альбомдағы композициямен қатар, тыңдармандардың сүйікті хиттері де шырқалды. Балқаш көлінің жағалауы үлкен би алаңына айналды.

Мерекелік кеш металлургтердің құрметіне арналған жарқын отшашумен аяқталды. Түнгі аспанда жарылған от ұшқындары балқыған металдың шашыраған ұшқындарын елестетіп, кәсіби мерекенің әсерлі әрі символдық қорытындысына айналды.

Кештің шынайы қаһармандары қатарында мерекелік алаңдағы тәртіпті қамтамасыз етіп, концерт аяқталғаннан кейін де жұмысын жалғастырған жандар болды. Құқық қорғау органдарының қызметкерлері бүкіл іс-шара барысында қонақтардың қауіпсіздігін қадағалады. Ал коммуналдық қызмет мамандары мен белсенді тұрғындар аумақты қоқыстан тазартып, Балқаш көлінің жағалауына таза әрі ұқыпты келбетін қайтарды.