21 Ақп 2023

Жезқазғанның алғашқы қара мысына - 50 жыл

Тура жарты ғасыр бұрын, бүгін, яғни, 21 ақпан, Жезқазған мыс балқыту зауытының тарихында өндіріс өзіндік бастау алды. Бұл айтулы датамен екі азаматтың есімі қатар жүреді. Олар - КСРО-ның «Құрметті металлургі», «Еңбек Қызыл Ту» ордені және бірнеше медальдар иегері Сұлтан Елемесов және инженер-металлург, КСРО-ның «Құрметті металлургі», 1990 жылғы алғашқы балама сайлауда ҚазССР-нің Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған Жамбыл Ыбыраев. Бұл тарихи тұлғалар турасында «1973 жылы 21 ақпанда ауысым шебері Жамбыл Ыбыраев пен аға конвертершы Сұлтан Елемесов алғашқы Жезқазған қара мысын берді» деп Жезқазған мыс балқыту зауытының жылнамасында алтын әріптермен жазылған.

Қазақстанның түсті металлургиясының алыбы, Жезқазған мыс балқыту зауыты туралы әңгімелегенде, ол бастау алған Қарсақбай мыс балқыту зауыты еріксіз еске оралады. 1928 жылдың 19 қазанында Қарсақбай мыс балқыту зауытында тұңғыш мыс балқымасы алынды.

Image 2

Осыдан кейін, өндіріс өркендеп, жыл өткен сайын зауыт құрылысы қарыштап, материалдық-техникалық базасы қуаттанды. Алғашқы катод мысын алғаннан кейін, тура екі жыл өткенде, 1973 жылдың 21 ақпанында №1 электрпеші іске қосылды. Зауыт, цех басшылары, алғашқы қара мысты алуды өзге металлургия саласынан шақырылған мамандарға тапсырды, осы қалай деген кіл мықтылар, мысты балқытып алудың нақты тетігін таба алмай көп қиналды. Сол сәтте, инженер-металлург Жамбыл Ыбыраев басшылық жасайтын ауысым жұмысқа кіріседі. Аға конвертершы Сұлтан Елемесов ауысым шебері Жамбылға қарап: «Мыналар қолдарынан келгенін істеп бақты, бірақ процесті жүргізе алмады. Енді біз өзіміздің тәсілімізді қолданайық» деп, Қарсақбайда бірге істеген әріптесімен іске кіріседі. Директор бастаған бір топ адам: «Шынымен осы екеуі біз білмегенді, біз ала алмағанды алайын деп тұр ма?» – деп таңданыстарын жасыра алмайды.

Image 2

С.Елемесов және қасындағы жолдасы екеуі конвертер процесін толығымен жүргізіп, сапалы қара мыстың балқымасын алады. Қазақтың қарапайым екі азаматтарының, мына күрделі технологияны, ешқандай оқу бітірмей-ақ меңгеріп алғандарына абырой-атақтары дардай болған норильскілік және басқа зауыттардан арнайы шақырылған мамандар таңдай қағудан басқа амалдары қалмайды. Балқыманың сол бастауы болған қос мықты - Жамбыл Ыбраев пен Сұлтан Елемесовтардың салып кеткен сара жол жалғасын тауып, Жезқазған мыс зауыты сары алтындай сары мысты осы күнге дейін сапырып жатыр. Олардың тәлім-тәрбиесін алған жастар бүгінде жаңа биіктерді бағындыруда.

Image 2

Арнаулы білімі болмаса да, қасиетті мекеннің қара тасынан саф алтынға тең мыс балқымасын алуда Сұлтан Елемесов үлкен мектеп қалыптастырып кетті деуге болады. Арада жарты ғасыр уақыт өтсе де, тарихта бедерленген бұл оқиға жаңарып, жаңғырып отыр. Өйткені, Сұлтан ақсақалдың кәсібін мұра тұтып, ізгілік жолын жалғаған ұрпағы бар. Металлургия мектебінің майталманы атанған, оның үшінші буын ұрпағы ата жолына адалдық танытуда. Елемесовтер әулетінің түсті металлургиядағы легі немерелерімен жалғасуда. Сұлтан Елемесовтің немерелерінің арасынан алғаш болып зауытқа жұмысқа тұрғаны – Абзал Айтуғанұлы. Ол металлург ретінде, еңбек жолын 2004 жылы, балқыту цехының конвертер бөлімшесінен бастады. Қәзіргі таңда, Абзал, атасы сынды аға конвертершы, ауысым бригадирі. Осылайша еңбекте бағы жанған Сұлтан ақсақалдың ерен еңбегін ұрпағы жалғастыруда. «Жақсының артында жақсы із қалады» деген емес пе?! Майталман металлургтердің «еңбегім еліме болсын, төккен терім жеріме тамсын» дейтін сөздері бүгінгі жастардың үнімен үндесе түскендей.

Кайыркелды Сабитов.

Новости по теме

Новости по теме

16 Jul 2024

Жамбыл облысында жаңа өнеркәсіптік кешен іске қосылды

05 Jul 2024

Қазақмыс басшылығы Жезқазғандағы геологиялық кластер құрылысымен танысты

03 Jul 2024

Қазақстандық ғалымдар ТМК үшін жаңа әзірлемелерін ұсынды

28 Jun 2024

Қарағанды құю-машина жасау зауыты ТМД халықаралық сыйлығын жеңіп алды

24 Jun 2024

АҚШ-тың Қазақстандағы елшісіне Жезқазған мыс балқыту зауытының жұмысы көрсетілді

20 Jun 2024

Қырғызстан Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің Kazakhmys Holding топ-менеджері Владимир Жұманбаевқа шағымы жоқ