24 Там 2023
Жайсан қаһармандары
«Жайсан» кенішінде «Zhanashyr Project (Жанашыр Проджект)» ЖШС жақсы өндірістік көрсеткіштерге арналған мерекелік іс-шаралар өтті.
Оларға кәсіпорын қызметкерлерінен басқа Шу ауданының әкімі Бақытжан Жәнібеков, Шу аудандық мәслихатының хатшысы Жасұлан Әбенов және басқа да шақырылған қонақтар қатысты.

Кеніштің үздік қызметкерлерін марапаттау рәсімі «Zhanashyr Project (Жанашыр Прожект)» ЖШС директоры Алмаз Түктібаевтың құттықтау сөзінен басталды, ол кеншілерге мықты денсаулық пен қауіпсіз жұмыс тіледі.
Іс – шараның кеншілер үшін ең жағымды сәті-үздік қызметкерлерді марапаттау болды. Ауданның дамуына қосқан үлесі және адал еңбегі үшін 19 адам аудан әкімінің және «Zhanashyr Project (Жанашыр Проджект)» ЖШС директорының Құрмет грамоталарымен және алғыс хаттарымен марапатталды.

ІІІ-дәрежелі «Кенші даңқы» салалық төсбелгімен Ғ.Омаров атындағы №26 шахтапроходкалау тресі тау-кен күрделі учаскесінің бригадирі Нұржан Тельменбетов және ұңғылаушы Еркін Мұхатаев марапатталды.
«Кәсіп Қорған» салалық кәсіподағының «Еңбек озаты» төсбелгісімен кәсіпорынның 8 қызметкері марапатталып, қызметкерлер тобына «Кәсіп Қорған» ҚБ және «Jastar Bolashaq» жастар одағының Құрмет грамоталары табысталды. Ал биылғы жылы бірінші сыныпқа бара жатқан, кеніштің тау учаскесін бұрғылаушысы Ернат Омаровтың қызы үшін Жастар одағы мектепке арналған қажеттіліктермен толтырылған әдемі сөмке сыйға тартты.

Мерекенің жалғасында кеншілер үшін салмағы 40 келі болатын кір тасын көтеру, арқан тарту және қошқар көтеру бойынша спорттық жарыстар ұйымдастырылды.
Кір тасын көтеруде геологиялық барлау басқармасының бұрғылаушысы Саян Смайылов 24 келілік кір тасын 45 рет көтеріп ең әлді болып танылды. Жайсандағы екінші орын иегері кеніштің учаскелік энергетигі Ельдар Кітапбаев болса, үшінші орынды тау-кен күрделі учаскесінің ұңғымашысы Ардақ Әбдірайымов жеңіп алды.

Арқан тартысқа қатысқан сегіз команда ішінде тау-кен күрделі учаскесінің (ТКУ-26) қызметкерлері ең мықты және епті болып шықты. Екінші орынды кеніштің дизельдік учаскесінің командасы иеленсе, үшінші орынды «Лидер Строй КЗ» ЖШС мердігерлік ұйымының құрылысшылар командасы еншіледі.

Ең керемет жарыс қошқарды көтеру болды деуге болады. Мұнда қошқарды 122 рет көтерген учаскелік энергетик Ердар Кітапбаев сөзсіз жеңімпаз деп танылды. Жеңімпаз жүлдеге өзі көтерген қошқарды алды.
Барлық жеңімпаздар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Іс-шарада жергілікті аудандық мәдениет үйінің жеке әртістері мен кәсіпорын қызметкерлерінің өздері концерттік бағдарлама мен өнер көрсетті. Бұл мереке жайсандықтардың тек қана еңбек етіп қана қоймай, өнерде де қабілетті екенін көрсетті.
Ләззат Смағұлова


