13 Шіл 2022

ЕҢБЕКПЕН ЖЕТКЕН ҚҰРМЕТ

Гулам Шамшидинұлы Камирдинов Қазақстандағы жетекші техникалық оқу орны – Қазақ ҰҒТУ түлегі. Ол университет қабырғасында жүріп-ақ еңбекке араласты. Теориялық білімін Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында, Новокузнецк алюминий зауыты мен Норильск никель зауытында тәжірибе жүзінде пайдалана білді.

Image 2

Жас та болса болашағынан зор үміт күттіретін маман, металлургия ісінің қыр-сырына қанық Гулам Камирдинов тағдырдың жазуымен Балқаш тау-кен металлургия комбинатына жолдама алады. Соның ішінде жолы болып зауыттың жүрегі – МБЦ балқыту учаскесіне түседі. Өмірге берілген бақыттың кілті десе де болғандай.

— Біз, жеті инженер-металлург Балқашқа жолдама алдық. Уақыт өте келе көпшілігі басқа кәсіпорындарға ауысып кетті, кейбірі туған өлкелеріне оралды. Бірақ олардың қай-қайсысы да өмірдегі ерлерге ғана тән мамандық – металлург кәсібінің иесі болғанын іштей мақтан тұтатын, — дейді Гулам Шамшидинұлы.

Ол кезде цехта металлургия өндірісі технологиясын жақсы білетін сауатты мамандар еңбек ететін. Гулам Камирдинов солардан үлгі алды, кәсіби мамандармен иық теңестіруге тырысты.

Image 2

— Мыс балқыту цехына бірнеше жыл бойы Тұрсымбек Қалиев ақсақалымыз жетекшілік етті. Ол мен үшін қымбат жандардың біріне айналды. Көрегендігіне, рухының мықтылығына ел басына күн туған 90-шы жылдары әбден көзім жетті. Ол кезде цех қана емес, кәсіпорын түгелге дерлік жабылу алдында тұрды. Шикізат жоқ, тұрақтылық пен жалақы туралы айтудың өзі артық еді. Мамандардың көбі нәпақа іздеп тентіреп кетті. Мен ол кісінің орынбасары едім. Бір күні Тұрсекең шақырып алып: «Гулам! Қазір көбісі цехтан кетіп жатыр. Бізден басқа жұмыс істейтін жан қалмады. Қалай болғанда да біз цехты тастап кетпеуіміз керек. Айналамызда болып жатқанның бәрі – уақытша ғана нәрселер, жақсы күндер әлі-ақ туады...» деді әкелік қамқорлықпен. Ақсақалдың сөзіне имандай ұйыдым, цехта қалдым. Өндіріс тоқтап қалмас үшін барымызды салдық. Тіпті, қазір мыс балқытылатын конвертерлерден де ЖЭО арнап сөндірілмеген әк алатынбыз. Сол жылдары өндірісті бағытынан тайдырмай ұстап, нарық экономикасының рельсіне нық тұрғызған мамандар мақтау мен құрметтің қай-қайсысына да лайық, — дейді Гулам Шамшидинұлы.

Гулам аға «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС қарасты Балқаш мыс балқыту зауытының көптеген учаскелері мен цехтарын жаңғыртуға орасан зор үлес қосты. Бірақ ол үшін ең бастысы – Ванюков пештерінің қалпына келтіріліп, өндірістік пайдалануға берілуі, автогенді балқыту технологиясының жетілдірілуінен артық жетістік жоқ.

Image 2

Гулам Камирдинов өндірістік карьераның барлық сатыларынан өткен адам. Еңбек жолын мыс балқыту цехының балқытушысынан бастаған ол өнеркәсіп ошағындағы маңызды қызмет - «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС техникалық директоры атанды.

Гулам Шамшидинұлы Балқашта 40 шақты жыл өмір сүрді. Қазіргі таңда ол металлургия саласындағы тәжірибесі мол, сауатты әрі жетекші мамандардың бірі. Гулам Камирдинов – 12-ден астам ғылыми жұмыстың, 7 өнертабыс туындысы мен ұсыныс авторы. Ол – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің «Еңбек даңқы» салалық төсбелгісінің барлық дәрежесі иегері. Гулам аға туған қаласы Балқаштың өміріне де белсенді түрде атсалысып келеді. VI шақырылымдағы қалалық мәслихат депутаты ретінде шаһардың дамуына зор үлес қосты. Металлургтер күні қарсаңында «Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС ұжымы Гулам Камирдиновті «ҚР Құрметті металлургі» жоғары атағына лайықты деп тапты.

Ләззат Смағұлова,

Балқаш.

Новости по теме

Новости по теме

04 Aug 2022

«Қазақмыс» компаниялар тобы қызметкерлерін ерікті медициналық сақтандыру

02 Aug 2022

«TRANCO ZHEZKAZGAN» (ТРАНКО ЖЕЗҚАЗҒАН) ЖШС ЕҢБЕК ДАУЫН ҚАРАСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС КЕЗДЕСУІНІҢ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ»

01 Aug 2022

«ТРАНКО» АҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕК ДАУЫ РЕТТЕЛДІ

18 Jul 2022

Қарағайлы 70 жыл

15 Jul 2022

Намысты бәрінен биік қойдым