14 Қаз 2021

БРИГАДА — ЕКІНШІ ОТБАСЫМ

Қызметкерлер Біз бүгін

«Балқаштүстімет» ӨБ Шатыркөл кенішінің үңгушілер бригадасына жетекшілік ететін Игорь Гостевских – өндіріс озаты, тәжірибесі мол мамандардың бірі. Басшылық оны биыл ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгісіне ұсынды.

Image 2

Игорь – Балқаштың тумасы. «Қазақмыс» құрамындағы тау-кен кәсіпорнына 1999 жылы келіпті. «Мысты» өңірдің байлығымен таныстықты Саяқ кенішінен, үңгушіліктен бастаған. Сол күннен бастап жас жігіт тағдырын тау-кен ісімен мәңгілікке ұштастырды. Саяқ кенішінде бірнеше жыл еңбек еткен соң Игорь «Шатыркөл» кенішіне шахта үңгуші болып ауысты. 6 разрядты үңгуші бүгінде осындағы үңгушілер бригадасының бастығы. Гостевскихтің аты-шулы бригадасында 8 адам: Тимур Тайлақов, Ерік Ерғалиев, Саламат Әбдірбаев, Бағлан Сәулембеков, Дарын Түскеев, Ержан Сандыбаев, Талғат Балтабаев пен Мәдияр Қаженов сынды білікті мамандар еңбек етеді. Танымал бригада. «Бір жеңнен қол шығарып» жұмыс істейтін жігіттер жоспарды артығымен орындап жүр.

- Біреулер кейде менен «үңгушіліктің не қажеті бар?» деп сұрайды. Жұмысым өзіме ұнайды! Басқа ешқайда да барғым келмейді. Қай кезде де кеншінің еңбегін жоғары бағалайтын адаммын. Ауыр жұмыс қорқақтардың қолынан келмейтінін білемін. Қанша жылдар өтсе де осы пікірден айныған емеспін. Әсіресе, ауысымнан кейін істелген жұмыстың нәтижесіне қарағанды жаным сүйеді. Бригада еңбегімен алынған кенді көргенде мақтаныштан жарыла жаздайсың, - дейді Игорь Гостевских.

Гостевских жетекшілік ететін үңгушілер бригадасы құрамында құнды металы бар кен қабаттарына жету үшін тау жыныстарын үсті-үстіне қопарады. «Алтын шыққан жерді белден қазу» қажеттігін бұл жігіттер жақсы біледі, сол үшін жанын аямай еңбек етеді. Сондықтан да алдына қойған міндеттерді артығымен орындайды: «Monomatic» темір арғымағының арқасында күн сайын жүздеген погон метр жерді бұрғылап шығады.

Өндірісте бригадир болу оңай шаруа емес. Жауапкершілігі жоғары, адамдарды жұмылдырып, процесті ұйымдастыратын, тапсырма беріп қана қоймай, оның орындалуын да талап ете білетін адам ғана бригада басқара алады. Игорь Гостевских – дәл осындай адам. Жауапкершілік қажет пе, ұйымдастырушылық қабілет пе, оның бойында бәрі де бар. Темірдей тәртіпке бағынатын, зиянды әдеттен аулақ жігіт. Отбасында да ауызбіршілік, береке бар. Ер азамат үшін мұның да маңызы зор. Бригададағы жігіттер де бригадирлерінің мінезін де, тау қопаратын өжеттігін де бес саусағындай біледі. Оған асқар тау әкесіндей арқа сүйейді. Жер астында бірге еңбек ететін ұжымдастардың сенімі – көп нәрседен хабар берсе керек. Себебі ол жер астында – бірнеше шақырым тереңдікте жүргенде жоспар үшін емес, адамдардың өмірі үшін жауап береді. Бригадир қарамағындағы үңгушілердің отбасылары алдында да жауапты.

— Бригада — екінші отбасың. Менің қасымдағы жігіттердің қай-қайсысы да сайдың тасындай сенімді азаматтар. Сөздері де, істері де ірі. Біз әрқайсымыз әр қаланың тумасымыз. Соған қарамастан бір-бірін үнемі қолдап жүретін ұжымға, тіпті, жақын туыстарға айналдық, — дейді Игорь Владимирович әріптестері жайлы.

Игорь алдыңғы қатарлы бригадир ғана емес, үлгілі отбасының тұтқасы. Үйдегі білектің күшін қажет ететін жұмыстар Игорьдің мойнында. Қолы қалт еткенде кішкентай қызымен аулаға шығып, серуендеуге тырысады. Кеншілерге берілетін 54 күндік еңбек демалысында міндетті түрде отбасымен саяхатқа аттанады. Соның арқасында Қазақстанның түпкір-түпкірін көріп қайтыпты. Жол түссе жақын арада Қазақстанның елордасын көрсек деген арманы бар.

— Жұмысымды, туып-өскен шаһарымды өте жақсы көремін. Осында тудым, ержеттім, көшесіндегі әр тасына дейін таныс маған. Бұл жерден ешқайда кеткім келмейді. Өйткені туған үйім, достарым, жұмысым да осында. Тамаша көлі бар, оны қалай қиып кетерсің?!, - деді Игорь бізбен қоштасарда.

Ләззат СМАҒҰЛОВА,

Балқаш

Новости по теме

Новости по теме

27 Oct 2021

Инновациялық және заманауи

26 Oct 2021

Қарсақпай металлургия зауытына-93 жыл

26 Oct 2021

Жұмысшылардың тамақтан улануы туралы «Қазақмыс» компаниясы түсініктеме берді.

25 Oct 2021

Тау-кен саласындағы беделді «Алтын Гефест» байқауының жеңімпаздары марапатталды

25 Oct 2021

Еңбек жолы - Нұрлан Әбусақов, электролиз маманы, Жезқазған