12 Шіл 2022

МЕТАЛЛ БАЛҚЫТАТЫН ЖЕРДЕ

«Қазақмыс Смэлтинг» ЖШС Жезқазған мыс балқыту зауыты. Қазақмыстың ғана емес, күллі Қазақстанның мақтанышына айналған ірі активтің бірі. Онда 2000 астам адам еңбек етеді. Металлургтер күні мерекесі қарсаңында маған мыс зауытының балқыту цехына қарасты анод учаскесі ұжымымен, Қанат Әйтеновтің бригадасымен жүздесу бақыты бұйырды.

Image 2

Жезқазған мыс балқыту зауытының өндірістік алаңын балқыту цехы басшысы Жандос Ізтілеуов аралатты.

— Біздің цехта 500-ге жуық адам еңбек етеді. Олардың ішінде балқытушылар, конвертершілер, түсті металл құюшылар, кран машинистері, шихта тиеушілер, пеш пен газ жолдарын тазартушылар, сондай-ақ екі қосалқы қызметтің мамандары бар, — дейді Жандос маған түсіндіріп.

— Мен балқытушы болып бірнеше ауысымда істедім. Цехта Берік Ақпанбетов, Бейбіт Ахметбеков, Әбдімәжит Есенбаев сынды тәжірибелі мамандар еңбек етті. Кейін конвертер-анод учаскесінің шебері атандым, содан соң аға шебер, конвертер учаскесінің бастығы, цехтың бас инженері болдым. Төрт жылдан бері осы цехқа жетекшілік етемін.

Әңгімелесе жүріп балқыту цехының анод учаскесіне де келдік.

Қанат Әйтеновтің ыстық цехтағы еңбек жолы 30 жылдан асып жығылады. 20 жылдан астам уақыттан бері өзінің «туған» ауысымында бригадир. Көп сөйлемейтін, сөзі мен ісіне мығым Қанат Әйтеновтің ұжымда да беделі жоғары. Осы уақыт ішіне Қанат аға Әли Қожахметов, Наурыз Оразбек, Алмаз Елемесов сынды көптеген жігіттерді «металлургия ісінің» қыр-сырына қанықтырды.

Image 2

Қанат ағамен арадағы әңгіме карусельді құю машинасы жанында жалғасын тапты. Балқытылған металл құйылған «карусель» баппен айналып жатыр. Ыстығы бетіңді қариды. Дегенмен сұлулығына тәнті етпей қоймайды. Жалпы, менің түсінгенім: металл – бұрқылдап қайнайтын, шағылысып жататын, бірбеткей «жанды» сұйықтық. Оны жаны таза, еңбекке жан-тәнімен берілетін қызуқанды адам ғана бағындыра алады.

Осы анод цехындағы Әйтенов бригадасында ағайынды Алмаз бен Жандос Елемесовтер еңбек етеді. Атақты Елемесовтер династиясының өкілдері. Өндірісшілер әулетінің негізін атасы Сұлтан қалаған. Содан бері үлкен отбасы тағдырын металлург кәсібімен байланыстырыпты.

Алмаз – Әйтенов бригадасындағы аға балқытушылардың бірі. Өндіріске 18 жастан бастап араласқан ол 2018 жылдан бері қарай анод учаскесінде балқыту маманы.

Image 2

— Балқытылған металл әдемі қыздың жүзіндей ашық түсті, теп-тегіс, жұмсақ болуы тиіс. Осындай металды ғана сапасы тамаша анод мысы деуге болады! — дейді ағайынды Елемесовтер.

Анод учаскесіндегі тәжірибелі металлургтердің бірегейі – Қанат Әлиакпаров пен Ерен Жараспаев. 5-ші санаттағы мамандар түсті металл құюмен айналысады. Екеуі де өз ісінің шебері, учаскедегі технологиялық процесті өз бетінше жүргізуге сауаты жетеді.

Ал, анод учаскесіндегі жоспардың орындалу барысы мен техника қауіпсіздігі үшін шебер Медет Байшорин жауапты. Әлеуеті мен өндірістегі еңбек өтілі жоғары инженер-металлург.

Нағыз ерлер еңбек ететін ұжымның шағын портреті міне, осындай. Қарапайым, еңбекпен ғана өмір сүретін еңбекқор адамдар. Олардың өмірі өскелең ұрпаққа үлгі етуге әбден лайық.

Ләззат СМАҒҰЛОВА

Новости по теме

Новости по теме

04 Aug 2022

«Қазақмыс» компаниялар тобы қызметкерлерін ерікті медициналық сақтандыру

02 Aug 2022

«TRANCO ZHEZKAZGAN» (ТРАНКО ЖЕЗҚАЗҒАН) ЖШС ЕҢБЕК ДАУЫН ҚАРАСТЫРУ ЖӨНІНДЕГІ ЖҰМЫС КЕЗДЕСУІНІҢ БАРЫСЫ ТУРАЛЫ»

01 Aug 2022

«ТРАНКО» АҚ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ ЕҢБЕК ДАУЫ РЕТТЕЛДІ

18 Jul 2022

Қарағайлы 70 жыл

15 Jul 2022

Намысты бәрінен биік қойдым