05 Қар 2021

ХАС ШЕБЕР

Наис Хасанұлы Карычев те «Балқаштүстімет» ӨБ-де еңбек ететін рухы мықты кеншілердің бірі. 6-шы санатты машинист, Саяқ кенішінде тиеу-жеткізу машинасын жүргізеді. Өндірістегі еңбек өтілі – 26 жыл.

Біздің кейіпкеріміз еңбек жолын 1994 жылы Шығыс-Жезқазған кенішіндегі №57 шахтадан бастады. Бір жылдан соң шахтерлікке ауысып, жер астына түсті, кейін Шығыс-Жезқазған кенішінде «Caterpillar» машинасын жүргізді. Араға бірер жыл салып, нақтырақ айтқанда, 2003 жылы «Балқаштүстімет» ӨБ «Саяқ-3» шахтасына кен тиеп-жеткізетін «Caterpillar» машинасының жүргізушісі болып ауысты. Кейін Саяқ кенішінің «Саяқ-1» шахтасына ауысты, содан бері осы кеніште еңбек етіп келеді. Жер астында қайнап жатқан жұмыстан бір кісідей хабары бар тәжірибелі маман Наис Карычев Саяқ кеншілерінің бірлігі мығым ұжымына тез арада сіңісіп кетті. Оның Саяқ даласындағы кеніште еңбек еткеніне биыл аттай 20 жыл!

Наис Хасанұлы – өз ісінің білгірі. Ол – кәсіпорынның жер астындағы кеніштерінде жұмыс істейтін тәжірибелі мамандардың бірі. Жас кеншілерге үлгі болып жүрген, солардың бет түзейтін «құбыласына», ақылшысына айналған азамат.

Айтуынша, тиеу-жеткізу машинасын тек «тепсе темір үзетін» білекті жігіттер ғана меңгере алады. Өйткені бұл көп қажыр-қайратты талап ететін техника, сондықтан әлсіздер бұл жұмысқа шыдай алмай шығып кетеді. Жалпы, кеншінің жұмысы темірдей төзім мен ерлерге тән қайратты қажет етеді. Соған қарамастан қиындығы мол жұмыс Наис Хасанұлының жанына рахат сыйлайды.

- Айналып кетейін, жұмысқа кірістің бе, өзіңе жүктелген міндеттерді жауапкершілікпен орында деймін ылғи жастарға. Өндірісте жүргенде қауіпсіздік талаптарын, әсіресе техника қауіпсіздігін бұлжытпай орында. Өйткені шахта асығыстықты, салғырттықты кешірмейді. Әріптестерге, жұмысқа, жұмыс орнына, техникаға құрметпен қарау қажет, сонда ғана жолың болады, - деп күлді Наис Карычев. – Кеншілердің өздері айтпақшы, тиеу-жеткізу машинасының машинистері – жер астының қожайындары. Кәсіпорындағы руда өндіру мен катод мысын алуға дейінгі аралықтағы технологиялық тізбектің үздіксіз жұмыс істеуі, жоспарлар мен өндірістік міндеттердің орындалуы солардың белсенділігі мен біліктілігіне байланысты.

Наис Карычев — тәжірибелі машинистердің бірі. Бүгінде өз ісінің білгірі атанған жас кеншілердің көпшілігі осы кісінің мектебінен өткен. Ол әрдайым жастарды тұрақтылыққа, еңбексүйгіштікке баулиды. Өйткені бұл қасиеттер оның өзінің де өмірлік принцпіне айналған. Соның арқасында абырой биігінен көрінді, Саяқ кеніші ұжымында еңбек ететін үлкен-кішінің құрметіне бөленді. Биыл осы еңбегі еленіп Наис Хасанұлы Карычев ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» салалық наградасына ұсынылды.

Ләззат СМАҒҰЛОВА,

Балқаш

Новости по теме

Новости по теме

30 Nov 2021

Геологиялық кластердің іргетасын құю басталды

25 Nov 2021

НАҚТЫ ҚАДАМ

24 Nov 2021

Балқаштың даңқты мысы

22 Nov 2021

Qazaq Geophysics-болашағы зор компания!