23 Қыр 2021

«ТЕК ҚАНА АЛҒА!»

Қызметкерлер Біз бүгін

Үңгішу – тау-кен жүйесіндегі ерекше каста, қауым өкілдері. Себебі кез-келген шахта үңгуден бастау алады. Кенішке бірінші түсіп, басын бәйгеге тігетін де осы үңгушілер. Шахталар мен кеніштерді пайдалы қазба байлықты өндіруге дайындайтын да солар. Сол жолда түрлі қиындықтарды бастан кешеді. «Жомарт» кенішіндегі озат бригадалардың бірі – Жайық Жақсылықовтың бригадасы.

Image 2

Бригадир Жақсылықовтың өндірістегі еңбек өтілі – 29 жыл. Ол өз өмірін сонау 1991 жылы О.Байқоңыров атындағы Жезқазған университетін тәмамдағаннан кейін-ақ өндіріспен байланыстырды. Алғашында Жезқазған шахта қазу тресіне жерасты кенішінің жұмысшысы болып жұмысқа орналасты. Онда 2006 жылға дейін еңбек етті. Сол жылы бірден жаңадан ашылған «Жомарт» кенішіне ауысты.

— Біздің бригаданың міндеті – скважиналарды бұрғылау қондырғыларының көмегімен бұрғылау. Көп жағдайда тау-кен орындарында қопарғыш материалдар пайдаланылады. Әдетте, үңгушілер бұрғылау машиналарымен және тиеу-жеткізу машиналарының көмегімен жұмыс істейді. Осыншама техниканы игеру, тілін табу оңай шаруа емес, - дейді ол. - Үңгушінің жұмысы шымырлықты, алдын болжап білетін көрегендікті, логикалық ойлау қабілетін, есте сақтау қабілетін, алғырлықты қажет етеді. Мысалы, күтпеген жерден қандай да бір форс-мажор орын алды делік. Үңгуші тез арада шешім қабылдауы тиіс. Күйзеліске салынбай іс-қимылға көшуі қажет. Өткел – кез-келген кеніштің болашағына негіз қалайтын алтын жол. Жер астындағы кеніштердің жұмысын үңгуші мамандарсыз елестету мүмкін емес.

Біздің бригадада ұзын-саны 10 адам еңбек етеді: Елдос Әбдішев, Руслан Тайлақов, Бауыржан Әкежанов, Ержігіт Омаров, Қанат Үріктеміров, Жандос Сарбаев, Нұржан Нағашыбаев, Орынбасар Маханов, Бауыржан Үстаев және мен. Бұл жігіттердің қай-қайсысы да өз ісіне жанымен берілген. Біз туған өлкеміз бен кәсіпорнымызға пайдамызды тигізу үшін тер төгеміз. Бригадамыз «Тек қана алға!» деген ұранды бетке ұстайды. Covid-19 пандемиясы кезінде кеніште аурудың таралуына жол бермеуге бағытталған бірқатар шаралар қолға алынды. Кеншілердің көпшілігі Covid-19 жұқпасына қарсы вакцина салдырды. Вахта тәртібімен жұмыс істейтінімізді ескерсек, бұл шахтерлерді ауру жұқтыру қаупінен сақтайтыны даусыз.

Image 2

Жұмыста «Atlas Copco» және «Sandvik» фирмаларының жер асты машиналарымен жұмыс істейміз. Кеніш ашылған бастапқы жылдарды бүгінгі күнгі жағдаймен салыстырар болсақ, айырмасы жер мен көктей. Қазір жұмыстың басым бөлігі автоматтандырылған, бұл жұмысты біраз жеңілдетеді. Алғашқы жылдарды еске алғанда тәлімгерім, белгілі кенші, «Құрмет» орденінің иегері Қалибек Татамбаевты айтпай кетуге болмайды. Тәжірибелі кеншінің сабақтарын, берген ақыл-кеңесі мен шеберлік құпияларын ешқашан естен шығармаймын, - дейді Жайық Қуандықұлы.

Біздің кейіпкеріміздің басты байлығы – отбасы. Зайыбы екеуі үш бала тәрбиелеп өсірді. Бүгінде алты немеренің ата-әжесі. Өмірлік жары №7 мектеп-лицейде сабақ береді. Қызы мен күйеубаласы өндірісте. Жайық ағамыз ешқашан лотерея ойнап миллион теңге ұтып алсам деп армандаған емес. Бастысы – балалары мен немерелері Қазақстанның лайықты азаматтары болса болғаны.

Өмірінің ондаған жылын өндіріске арнаған Жайық Жақсылықов құрмет грамоталары мен І, ІІ және ІІІ дәрежелі «Кенші даңқы» төсбелгілерінің иегері. Шахтерлер күі қарсаңында біз де кейіпкерімізді кәсіби мерекесімен құттықтап, жұмыста табыс, басына амандық, отбасына береке тілейміз.

Светлана ДЕМЕУОВА,

Жезқазған

Фото: автордікі

Новости по теме

Новости по теме

27 Oct 2021

Инновациялық және заманауи

26 Oct 2021

Қарсақпай металлургия зауытына-93 жыл

26 Oct 2021

Жұмысшылардың тамақтан улануы туралы «Қазақмыс» компаниясы түсініктеме берді.

25 Oct 2021

Тау-кен саласындағы беделді «Алтын Гефест» байқауының жеңімпаздары марапатталды

25 Oct 2021

Еңбек жолы - Нұрлан Әбусақов, электролиз маманы, Жезқазған